Әйелдер қанатының қатысуымен Солтүстік Қазақстан облысында өңірлік коалицияның құрылуы
СҚО-да құрылған өңірлік коалиция құрамына Әйелдер қанаты мүшелері кіріп, қоғамдық-саяси үдерістердегі әйелдердің рөлін нығайтты.
Солтүстік Қазақстан облысында қоғамдық-саяси күштерді біріктірген «Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» атты өңірлік коалиция құрылды. Коалиция құрамына 60-қа жуық адам енді, олардың қатарында саяси партиялардың өңірлік филиалдарының өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктер мүшелері, сарапшылар қауымдастығы мен жастар ұйымдарының өкілдері бар.
Сонымен қатар, коалиция құрамына Әйелдер қанатының мүшелері де кіріп, өңірдегі қоғамдық-саяси үдерістерге әйелдердің белсенді қатысуының маңыздылығын айқындады.
Бірлестіктің негізгі мақсаты — Жаңа Конституция жобасы мен алдағы республикалық референдум бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын үйлестіру. Коалиция жетекшісі Владимир Бубенко жаңа алаңның өңір тұрғындарымен ашық диалог форматында жұмыс істейтінін атап өтті.
Жақын уақытта коалиция еңбек ұжымдарымен және өңір жұртшылығымен бірқатар кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.
