«ӘЙЕЛ ӨМІРІ ҮШІН» АЙЛЫҒЫ: ЕРТЕ АНЫҚТАУ – ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ
1 қазаннан бастап елімізде әйелдер денсаулығына ерекше назар аударуға бағытталған «Әйел өмірі үшін» республикалық ақпараттық айлығы басталды.
Осы маңызды бастама аясында «Әділет» партиясы Ордабасы аудандық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының бастамасымен, Ордабасы аудандық орталық ауруханасының қолдауымен әйелдер арасында денсаулықты сақтау, аурудың алдын алу және оны ерте анықтаудың маңыздылығын түсіндіруге бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.
Әйелдің денсаулығы – тек оның жеке мәселесі емес. Ол – отбасының берекесіне, бала тәрбиесіне, қоғамдық өмірге және тұтас қоғамның саулығына тікелей әсер ететін маңызды құндылық.
Сондықтан «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты үшін әйелдің құқықтық, әлеуметтік және рухани жағдайымен қатар, оның денсаулығына көңіл бөлу де – басты бағыттардың бірі. Әйел өз денсаулығына уақытылы мән беріп, қажетті медициналық тексерулерден өтуі керек. Ал қоғамның міндеті – осы мәдениетті қалыптастыруға жағдай жасау және әйелді өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға үндей білу.
Іс-шара барысында Ордабасы аудандық орталық ауруханасының тәжірибелі дәрігерлері әйелдерге сүт безі обырының алдын алу, ауруды ерте кезеңде анықтау, скринингтік тексерулерден уақытылы өту және күмәнді белгілер байқалған жағдайда дәрігерге дер кезінде жүгіну жөнінде маңызды ақпараттар берді.
Сонымен қатар онкологтар мен маммологтардың қатысуымен ашық кездесулер, медициналық кеңестер, сұрақ-жауап форматындағы түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.
Мұндай кездесулердің маңызы – аурудың алдын алумен ғана шектелмейді. Ең бастысы – әйелге өз денсаулығына немқұрайлы қарамау, «кейін барамын» деп жүре бермеу керектігін түсіндіру.
Ерте анықталған аурудың емделу мүмкіндігі жоғары. Ал уақытылы тексерілу – қорқыныш емес, керісінше өз өміріңе деген жауапкершілік.
«Әйел өмірі үшін» айлығы – осы қарапайым, бірақ аса маңызды ойды әр әйелдің жүрегіне жеткізуге бағытталған игі бастама.
Біз, «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты, әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттырумен қатар, олардың өмір сапасына, қауіпсіздігіне, әлеуметтік әл-ауқатына және денсаулығына қатысты мәселелерді де тұрақты назарда ұстаймыз.
Өйткені дені сау әйел – отбасының тірегі, ұрпақтың тәрбиесі, қоғамның белсенді мүшесі.
Ал әйелдің денсаулығына жасалған әрбір қамқорлық – болашаққа жасалған инвестиция.
Осы маңызды бастаманы жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, әйелдер денсаулығын қорғауға бағытталған жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан Ордабасы аудандық орталық ауруханасының ұжымына шынайы алғысымызды білдіреміз.
Сіздердің кәсіби жауапкершіліктеріңіз бен адал еңбектеріңіз, ұйымдастырушылық қолдауларыңыз – осындай маңызды қоғамдық бастамалардың мазмұнды әрі нәтижелі өтуіне үлкен үлес қосуда.
Ел денсаулығы – ортақ жауапкершілік.
Әйел денсаулығы – ұлт саулығы.
Өзіңізді кейінге қалдырмаңыз. Денсаулығыңызға бүгін көңіл бөліңіз!



