«ӘЙЕЛ ӨМІРІ ҮШІН» ШАРАСЫ ӨТТІ
Сүт безі обыры туралы республикалық ақпараттандыру айлығы аясында Арыс қаласында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – әйелдер арасында сүт безі обырының алдын алу, ерте анықтау және тұрақты медициналық тексеруден өтудің маңыздылығын түсіндіру.
Республикалық ақпараттандыру айлығы аясында «Сүт безінің саулығы туралы 5 минут» ақпараттық кездесуі және «Тексерілуге уақыт бөл» республикалық ашық есік күні ұйымдастырылды. Кездесу барысында мамандар әйелдерге сүт безі ауруларының алдын алу, алғашқы белгілеріне мән беру және уақытылы медициналық тексеруден өтудің маңыздылығы туралы кеңестер берді.
Іс-шараға «Әділет» партиясы Арыс қалалық қалалық филиалының басшысы Бақтығали Ділдәбеков және Арыс қалалық әйелдер қанатының жетекшісі Мөлдір Сарыпбекова қатысты.
Сонымен қатар «Денсаулық керуені» жобасы аясында тұрғындарға бейінді мамандардың кеңесі ұсынылып, клиникалық көрсетілімдерге сәйкес қажетті зерттеулерге жолдау және скринингтік тексерулерге қатысу тәртібі жөнінде ақпарат берілді. Тексерулер медициналық ұйымдардың мүмкіндіктері мен қолданыстағы тәртіп талаптарына сәйкес жүргізілді.
Мамандар әйелдерді өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуге және аурудың алдын алуға шақырды.
Әйел денсаулығы – отбасы мен қоғам саулығының маңызды кепілі. Денсаулыққа уақыт бөлу – өз өміріңе қамқорлық жасау!



