Ғылымдағы әйелдердің рөлі: болашақ көшбасшылар
2026 жылғы 10 сәуір күні «Аманат» партиясы жанынан құрылған «Әйелдер қанаты» қоғамдық ұйымының ұйымдастыруымен «Ғылымдағы әйелдердің рөлі: болашақ көшбасшылар» тақырыбында кездесу жиыны өткізілді.
Кездесудің негізгі мақсаты – ғылымдағы әйелдердің жетістіктерін насихаттау, жастарға бағыт-бағдар беру және болашақ көшбасшыларды қалыптастыру болды.
Жиынға арнайы шақырылған қонақ, құқықтану мамандығы бойынша философия докторы (PhD) Нартай Ажар Нартайқызы қатысып, өзінің жетістікке жету жолымен бөлісіп, жастарға құнды ой-пікірлерін жеткізді.
Іс-шара барысында Отырар аудандық орталық кітапханасының кітапханашысы Шерехан Дариға «Қазіргі заманғы әйел көшбасшылар» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар, Т. Ибрагимов атындағы жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Өстемірова Әлия Қаржаубайқызы «Ғылымдағы әйелдердің жетістіктері» тақырыбында мазмұнды баяндама оқыды.
Кездесу барысында «Аманат» партиясы Отырар аудандық филиалының кеңесшісі Нұрсұлтан Боранбайұлы қоғамдағы әйел көшбасшылардың рөлі туралы өз пікірін білдіріп, жастарға сенім арта отырып, жиынды қорытындылады.
Аталған шараға Д. Құрманбеков атындағы №20 колледжінің студенттері, Ө. Жәнібеков атындағы мектеп-лицейі, Ш. Қадаяқов атындағы мектеп-гимназиясы, Т. Ибрагимов атындағы жалпы білім беретін мектебі және С. Әшіров атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушылары белсене қатысты.
Осындай мазмұнды кездесулер жас ұрпақтың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, ел болашағы үшін жауапкершілігі жоғары, білімді де білікті көшбасшыларды қалыптастыруға зор ықпал етеді.
