ЖАСТАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ БАҒАЛАНДЫ
«Әділет» – жаңа ұрпақтың партиясы екені белгілі. Сол себепті партиямыз жастардың еңбегін саяси ұйымның жаңа тынысы деп айқындады. Қоғам жаңарғанда оның тынысы да өзгереді. Ал сол өзгерістің ең айқын белгісі – ортаға жаңа ой, жаңа қарқын, жаңа буынның келуі. «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының жастар штабы жалынды жастарды біріктіріп, ортақ жасампаздық мақсат аясына біріктірді.
Жаңа Конституция бойынша өткен Құрылтай депутаттарының сайлауында жастар, партияның сайлау науқаны мен қоғамдық бастамаларын іске асыруға белсенділік танытып, елмен етене жұмыс жүргізді. Облыстағы барлық сайлауалды штабтарға 600 жас белсенді бекітіліп, олар үгіт материалдарын тарату жұмыстарына жұмылдырылды. Бүгін осы еңбектің өтеуі ретінде жас толқын өкілдеріне
«Әділет» партиясының және Қазақстан Республикасы Құрылтайының Төрағасы Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың Алғыс хаты табысталды.
Сайлау науқанында уақытпен санаспай, ортақ іске шын ниетімен атсалысқан жастарға деген ізгі тілегін партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева жеткізді. Ол өз сөзінде еліміз үшін жауапты сәтте өңір жастары елдің пікірін тыңдап, партияның бағытын түсіндіруде өзіндік қолтаңбасын қалдырғанын айтты.
«- Сендердің әрқайсыңның еңбектеріңді көрдік. Есіктен есікке жүріп, халықпен сөйлестіңдер, партияның идеясын жеткіздіңдер, жауапкершіліктен қашпадыңдар. Кейде бір адамның айтқан жылы сөзі, бір азаматтың мәселесін тыңдап, оған көңіл бөлуі – үлкен істің бастауы болады. Сондықтан бүгінгі Алғыс хат сендердің еңбектеріңе деген шынайы ризашылығымыздың белгісі. Ең бастысы осы қарқындарыңды жоғалтпаңдар. Жастардың қолына мүмкіндік берілсе, олар елге қызмет етудің жаңа жолын қалыптастыра алады деп сенемін», - деді ол.
Марапатталған жастар да өз кезегінде партия басшылығына алғыстарын білдіріп, көрсетілген сенімнің өздері үшін үлкен жауапкершілік екенін атап өтті. Олар алдағы уақытта да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, елдің игілігі жолында аянбай еңбек етуге дайын екендерін жеткізді


