«Жайна, өмір!» әлеуметтік-қайырымдылық іс-шарасы өтті
Орал қаласындағы Қариялар үйінде Қариялар күніне орай "Әділет" партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Жайна, өмір!» әлеуметтік-қайырымдылық іс-шарасы өтті.






Жобаның негізгі мақсаты – аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бастамаларды қолдау және қарияларға қамқорлық пен көңіл бөлудің маңыздылығын дәріптеу.
Іс-шараға «Әділет» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының басшысы Бауржан Бектұрған, партияның Саяси кеңесінің мүшесі, жеке кәсіпкер Гүлжайна Нұрпейісова, тиісті мемлекеттік мекеме басшылары және арнайы қонақтар қатысты.
Іс-шара аясында Қариялар үйінде «Қамқорлық тынысы» тұзды бөлмесінің салтанатты ашылуы өтті. Қонақтарға жаңа бөлменің мақсаты, мүмкіндіктері мен қызметі таныстырылды.
Сонымен қатар Ұлы Отан соғысының ардагері А. Чегнахаевамен кездесу ұйымдастырылып, ардагерге арнайы кресло мен сыйлықтар табысталды.
Жоба аясында Қариялар үйі қызметкерлеріне арналған арнайы демалыс бөлмесі де таныстырылды.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасып, қатысушылар үшін арнайы фотосессия ұйымдастырылды.
«Жайна, өмір» әлеуметтік-қайырымдылық жобасы қарияларымызға құрмет көрсетіп, олардың өміріне жылулық пен қуаныш сыйлауға бағытталды. Іс-шара барысында қарияларға қамқорлық таныту, ұрпақтар сабақтастығы мен өзара сыйластық құндылықтарын нығайтуға ерекше мән берілді.