Әйелдер қанатының қатысуымен Ұлытау облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды интеграциялау мәселелері талқыланды
Ұлытау облысында өткен жиында Әйелдер қанатының қатысуымен ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды әлеуметтік және кәсіби интеграциялау жолдары қарастырылды.
Ұлытау облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды әлеуметтік және кәсіби интеграциялау мәселесіне арналған талқылау өтті.
Жиынды «AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының кеңесшісі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Ұлытау облыстық филиалының директоры, облыстық мәслихат депутаты Гүлмира Қаженова жүргізді.
Кездесуге Жезқазған қаласындағы №4 мектеп директоры Жанагүл Болатбекова, облыстық білім басқармасының өкілі Гүлмира Жұматова, әлеуметтік кәсіпкер Жұлдыз Рахымбекова және Жезқазған технология және сервис колледжінің директоры Мара Тәлеужанова қатысты. Қатысушылар кәсіби оқыту, жұмысқа орналастыру және ата-анамен өзара тиімді жұмыс жүргізу мәселелерін талқылап, нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Жиын барысында бірқатар бастамалар ұсынылды: мектептер мен колледждер арасында арнайы кластер құру, оқушылардың қабілеттері мен қызығушылықтары бойынша ортақ база қалыптастыру, бірлескен бағдарламалар мен іс-шаралар әзірлеу, ата-аналарды оқу үдерісіне белсенді тарту және құқықтық актілерге ұсыныстар дайындау.
Аталған шаралар ағымдағы оқу жылының соңына дейін жүзеге асырылатыны айтылды.



