AMANAT: ШЫМКЕНТТЕ ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы аясында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған ақпараттық-танымдық кездесу өтті.
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы аясында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған ақпараттық-танымдық кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты – тұрғындардың қаржылық мәдениетін қалыптастыру, қаржы құралдарын тиімді пайдалану дағдыларын жетілдіру және интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Басқосуға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Ербол Байқонысов, «Қарызсыз қоғам» жобасының Шымкент қаласы бойынша қаржы сарапшысы Ақбота Тұрарова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаментінің қаржылық сауаттылықты арттыру басқармасының басшысы Айгүл Қанатбаева, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас эксперті Әкім Ғадильбек, ҚР Микроқаржы омбудсманы Назгүл Естеусизова, Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Даурен Тұрғынбай және білім беру саласының мамандары қатысты.
Кездесуде Ербол Байқонысов қазіргі қоғамда қаржылық сауаттылықтың маңызы бұрынғыдан да арта түскенін атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, қаржылық тәуекелдер мен интернет алаяқтық жағдайларының да көбеюіне әсер етуде.
«Бүгінде қаржылық сауаттылық – әрбір азамат үшін аса маңызды дүние. Қаржыны дұрыс жоспарлау, несие алу кезінде жауапкершілік таныту, алаяқтардың арбауына түспеу – қоғамның әл-ауқатына тікелей әсер ететін мәселелер. Сондықтан “Қарызсыз қоғам” жобасы арқылы тұрғындардың қаржылық білімін арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мұндай кездесулер азаматтарға нақты ақпарат алып, күнделікті өмірде кездесетін тәуекелдердің алдын алуға көмектеседі», – деді Ербол Байқонысов.
Жиын барысында сарапшылар фишинг, дропперлік, интернет-алаяқтық, несие жүктемесін басқару және жеке қаржыны тиімді жоспарлау мәселелеріне кеңінен тоқталды. Мамандар нақты мысалдар келтіріп, алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдерін түсіндіріп, қаржылық қауіпсіздікті сақтаудың негізгі қағидаларын таныстырды.
Кездесуде сөз алған «Қарызсыз қоғам» жобасының Шымкент қаласы бойынша қаржы сарапшысы Ақбота Тұрарова жоба аясында атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен бөлісті.
Оның айтуынша, өткен жылы Шымкент қаласында 11 мың азаматтың қаржылық сауаттылығын арттыру жоспарланған. Алайда жобаға деген қызығушылықтың жоғары болуының нәтижесінде бұл көрсеткіш артығымен орындалып, 12 593 қала тұрғыны арнайы оқудан өткен.
«Қарызсыз қоғам» жобасы азаматтардың қаржылық білімін арттырумен қатар, күрделі қаржылық жағдайға тап болған адамдарға бағыт-бағдар беруге де ықпал етуде. Жоба аясында тұрғындар бюджет жүргізу, несиелік міндеттемелерді басқару, қаржылық тәуекелдерді бағалау және алаяқтық әрекеттерден қорғану бойынша маңызды білім алады. Қорытынды талдау нәтижесіне сәйкес, республика бойынша 862 084 адам жоба аясында көмекке жүгінген. Оның ішінде 517 689-ы әйелдер болса, 344 395-і ер азаматтар. Бұл қоғамда қаржылық сауаттылыққа деген сұраныстың жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді», – деді Ақбота Тұрарова.
Кездесу соңында қатысушылар мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Сонымен қатар қаржылық қауіпсіздік пен жеке қаржыны басқаруға қатысты тәжірибелік кеңестер берілді.