«ӘЙЕЛ ӨМІРІ ҮШІН»: сүт безі обырының алдын алу айлығын өткізу талқыланды
Жамбыл облысы «Әділет» партиясы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «ӘЙЕЛ ӨМІРІ ҮШІН» («ВО ИМЯ ЖИЗНИ ЖЕНЩИНЫ») сүт безі обыры туралы республикалық ақпараттандыру айлығын өткізуге арналған кеңес өтті.
Кеңеске Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының, облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының мамандары, сондай-ақ бірқатар жеке медициналық клиникалардың дәрігерлері қатысты.
Кездесуде әйелдер арасында сүт безі обырының алдын алу, ауруды ерте анықтаудың маңызы және тұрғындардың медициналық скринингтен уақытылы өту қажеттігі туралы ақпараттандыру мәселелері талқыланды.
Мамандар сүт безі обырын ерте анықтаудың маңыздылығына тоқталып, тегін скринингтен кімдер өте алатыны, скринингтің қашан және қай медициналық ұйымдарда жүргізілетіні, сондай-ақ тексеруден өту тәртібі туралы түсіндірді.
Сонымен қатар алдағы ақпараттандыру айлығы аясында өткізілетін іс-шаралардың жоспары нақтыланды.
Жоспарға әйелдермен кездесулер өткізу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, медицина мамандарының кеңестерін ұйымдастыру, медициналық ұйымдармен бірлескен іс-шаралар өткізу және тұрғындарға скрининг туралы ақпарат жеткізу жұмыстары енгізілді.

