«Әйел рухы – табысқа жетелейтін күш»: Ұлытау облысында әйелдер форумы өтті
«AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанаты Жезқазған қаласында «Әйел рухы – табысқа жетелейтін күш» атты форум ұйымдастырды. Іс-шараға 200-ге жуық әйел қатысты.
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанаты ұйымдастырған өңірлік форумда өндірістегі әйелдердің рөлі, еңбек адамының мәртебесі және әйелдердің көшбасшылық әлеуеті талқыланды. Шараға қатысқан еңбек үздіктері мен түрлі сала мамандары әйелдердің ел дамуына қосатын маңызды үлесін атап өтті.
«AMANAT» партиясының Хатшысы, партия жанындағы Әйелдер қанатының төрағасы Шолпан Каринова әйелдердің қоғамдық-саяси және экономикалық өмірдегі жауапкершілігі артып келе жатқанын атап өтті.
«Әр өңірдегі әйелдер мәселесінің шешілу барысын нақты бақылау үшін біз Әйелдер қанатының барлық есебін жеке-жеке тыңдап, нәтижелерін жүйеледік. Бұл нақты түйткілдерді дер кезінде анықтап, оларды шешуге мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – сайлауалды бағдарламада көрсетілген бастамалардың, соның ішінде әйелдерге қатысты бағыттардың толық орындалуын қамтамасыз ету. Сол арқылы әйелдердің әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық-саяси өмірге қатысу мүмкіндігін кеңейту», – деді Шолпан Каринова.


