Әйелдер қанаты: «Бақытты отбасы»
Шымкент қаласындағы «Сайрам» медициналық колледжінде «AMANAT» партиясы Қаратау аудандық филиалы мен аудандық Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында тағылымды кездесу өтті. Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Қаратау аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Данияр Омаров, қалалық партия филиалы жанындағы Әйелдер қанаты жетекшісінің орынбасары, «Отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау» жөніндегі кеңес төрайымы Баян Жандосова, «Қарызсыз қоғам» жобасының Шымкент қаласы бойынша қаржы сарапшысы әрі өңірлік үйлестірушісі Ақбота Турарова, сондай-ақ Қаратау ауданы бойынша Әйелдер қанатының жетекшісі, колледж директоры, PhD докторы Жанара Баймағамбетова қатысты. Кездесу барысында ұстаздар қауымына, медицина саласының қызметкерлеріне және белсенді жастарға отбасы құндылықтарын дәріптеу, әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, қаржылық сауаттылықты қалыптастыру және ұлттық тәрбиенің маңызы жөнінде кеңінен ақпарат берілді. Кездесудің негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту, ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеу, аналардың қоғамдағы беделі мен рөлін арттыру, сондай-ақ әйелдердің әлеуметтік белсенділігін қолдау болды. Сонымен қатар, тұрғындарға өмірлік маңызы бар бағыттар бойынша пайдалы кеңестер мен тәжірибелік ақпарат беру көзделді. Жиында сөз сөйлеген Ербол Байқонысов қоғамның тұрақтылығы мен бірлігінің басты тірегі – отбасы екенін атап өтті. Ол ұлттық құндылықтарды сақтау, жас ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау және отбасы ішіндегі сыйластықтың маңыздылығына ерекше тоқталды. – Бүгінгі кездесулер халықпен ашық пікір алмасуға, қоғамдағы өзекті мәселелерді бірге талқылауға мүмкіндік береді. Отбасы – мемлекеттің іргетасы. Ұлттың болашағы да, қоғамның беріктігі де ең алдымен отбасындағы тәрбиеге байланысты. Сондықтан отбасы құндылықтарын сақтау, аналардың мәртебесін арттыру және жастарға ұлттық тәрбие беру – баршамызға ортақ міндет. Осындай мазмұнды кездесулер қоғамдағы өзара түсіністік пен бірлікті нығайтуға ықпал етеді, – деді ол.