Әйелдердің психологиялық саулығы – қоғам тұрақтылығының негізі
Дөңгелек үстел
Әйелдердің психологиялық саулығы – қоғам тұрақтылығының негізі
2026 жылғы 3 сәуірде Ақмола облысы білім басқармасының психологиялық қолдау орталығы базасында AMANAT партиясы жанындағы Әйелдер қанатының бастамасымен «Әйелдің ішкі ресурсын дамытуға арналған арт-терапия» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға орталық мамандары, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ғалымдары мен арт-терапевтері, AMANAT партиясы жанындағы Әйелдер қанатының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – әйелдердің психоэмоционалдық жағдайына назар аудару, эмоционалдық жанудың алдын алу және психологиялық қолдау тетіктерін талқылау болды.
Іс-шара барысында қатысушылар әйелдердің қоғам мен отбасы өміріндегі эмоционалдық жүктемесі, стресс-менеджмент, ішкі ресурсты қалпына келтіру тәсілдері жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар, күнделікті өмірде психологиялық тұрақтылықты сақтауға арналған практикалық кеңестер ұсынылды.
Шараның практикалық бөлімінде арт-терапевт Д.С. Қақабаева интерактивті сессия өткізіп, қатысушылар метафоралық карталар және сурет терапиясы арқылы эмоционалдық күймен жұмыс істеу әдістерін меңгерді. Арт-терапиялық тәжірибелер ішкі мазасыздықты азайтып, эмоционалдық тепе-теңдікті қалпына келтіруге ықпал етті.
Дөңгелек үстел қорытындысында білім беру ұйымдарында психологиялық жеңілдету сағаттарын тұрақты өткізу, әйелдерге арналған онлайн-консультацияларды кеңейту және ауылдық жерлерде көшпелі психологиялық тренингтер ұйымдастыру бойынша ұсыныстар айтылды.
Қатысушылар мұндай іс-шаралар әйелдердің психологиялық саулығын нығайтып қана қоймай, отбасы құндылықтарын сақтау мен қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты арттыруға маңызды үлес қосатынын атап өтті.