Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері талқыланды
Орал қаласында «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша бірыңғай тақырыптық қабылдау өтті. Ашық есік күніне партия филиалының басшылығы, партияның «Әйелдер қанатының» мүшелері, мәслихат депутаттары және облыстың бірқатар мемлекеттік органдары мен ұйымдарының өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында азаматтар балалардың құқықтарын қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, құқықтық мәселелер, атқарушылық іс жүргізу және тұрғын үй мәселелері бойынша өз сауалдарын қойды.
Қабылдауға партия филиалы төрағасының орынбасары Сафималиев Азамат Сафималиұлы, облыстық мәслихат депутаты Ізмұханбетова Софья Салахаддинқызы, қалалық мәслихат депутаты, партияның «Әйелдер қанатының» төрайымы Ашикова Нұргүл Әжібайқызы, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, балалардың құқықтарын қорғау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, әділет, полиция және тұрғын үй салаларының жауапты мамандары қатысты.
Партия филиалы төрағасының орынбасары Азамат Сафималиұлы іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
«Бүгін Әділет партиясының бастамасымен және партия жанындағы Әйелдер қанатының қолдауымен осы іс-шара өтіп жатыр. Шараның басты мақсаты – балалардың құқығын қорғау. Бүгінде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерімен келіп жатыр. Әр азаматтың өтінішін мұқият тыңдап, тиісті сала мамандарымен бірге заң аясында шешу жолдарын қарастырамыз. Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан осындай ашық форматтағы қабылдауларды тұрақты түрде өткізу маңызды», – деді Азамат Сафималиұлы.
Қабылдау барысында тұрғындардың нақты мәселелері де қаралды. Атап айтқанда, көпбалалы, ерекше қажеттіліктері бар баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана тұрғын үй мәселесі бойынша көмек сұрап жүгінді. Қазіргі таңда ол балаларымен жалдамалы пәтерде тұрады.
Тұрғынның айтуынша, бұған дейін отбасы мүшесінің атына автокредит рәсімделіп, кейін ажырасуына байланысты несие бойынша берешек қалыптасқан. Осыған байланысты азаматша банкроттық рәсімінен өткен. Алайда банкроттық рәсімінің салдарынан қазіргі уақытта тұрғын үй кезегіне тұру және ипотекалық бағдарламаға қатысу мүмкіндігіне қатысты сұрақтар туындаған.
Оның негізгі сұрағы – банкроттық рәсімінен кейін тұрғын үй алу мүмкіндігіне қандай шектеулер қойылатыны және ипотекалық несие рәсімдеу немесе тұрғын үй кезегіне тұру үшін белгілі бір мерзім күту қажет пе деген мәселе болды.
Аталған өтініш бойынша тиісті сала мамандары тұрғынға қолданыстағы талаптар мен рәсімдер түсіндіріліп, мәселені шешудің ықтимал жолдары қарастырылды.
Мамандар азаматтардың мәселелерін тыңдап, қолданыстағы заңнама аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Көтерілген мәселелердің әрқайсысы тиісті сала өкілдерінің қатысуымен қаралып, оларды шешу бойынша ұсыныстар берілді.
Бірыңғай тақырыптық қабылдау азаматтардың өзекті мәселелерін бір алаңда талқылауға және бала мен отбасының құқықтарын қорғау бағытындағы өзара іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік берді.
«Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясындағы іс-шаралар балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, отбасыларды қолдауға және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған.