Балалардың құқықтарын қорғау бойынша ашық есік күні өтті
Әділет» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Шара барысында 10-ға жуық тұрғын баспана, әлеуметтік қолдау, білім және құқықтық көмек мәселелері бойынша жүгінді.
«Әділет» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелеріне арналған ашық есік күні өтті.
Қабылдауға 10-ға жуық тұрғын келіп, тұрғын үй, әлеуметтік қолдау, білім беру, денсаулық сақтау және құқықтық көмекке қатысты мәселелерін көтерді.
Кездесу барысында екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырған мүмкіндігі шектеулі ана балаларының балабақшаға орналасуы және өзі жұмысқа тұру мәселесі бойынша көмек сұрады. Жауапты мамандар отбасыға әлеуметтік қолдау көрсету және жұмыспен қамту мүмкіндіктерін қарастырды. Сонымен қатар «Отбасы банк» өкілі өтініш иесіне филиалдағы бос жұмыс орны туралы айтып, кеңесші қызметін ұсынды.
Көпбалалы отбасы тәрбиелеп отырған тұрғынға тұрғын үй бағдарламалары мен мемлекеттік қолдау тетіктері түсіндірілді. Ал оқуын тұрмыстық жағдайына байланысты аяқтай алмаған тұрғынға колледж өкілі білімін қайта жалғастыру тәртібі жөнінде кеңес берді.
Бейнеу ауданынан келген студент жатақханадағы жағдайға қатысты мәселе көтерді. Университет өкілі студентті жағдайы жақсы жатақханаға орналастыру мүмкіндігі қарастырылатынын айтып, кір жуатын орынды тегін пайдалану мүмкіндігі бар екенін жеткізді.
«Бала құқығын қорғау – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан азаматтардың мәселесін тыңдап қана қоймай, оның нақты шешілуіне ықпал ету маңызды», – деді «Әйелдер қанатының» жетекшісі Пания Сармурзина.
Кездесу барысында көтерілген барлық мәселе жауапты мамандардың назарына алынып, азаматтарға тиісті түсіндірме мен көмек көрсету жолдары ұсынылды.