Бәйдібек ауданында «Күшің өзіңде: стресс басқару дағдылары» атты психологиялық және құқықтық көмек акциясы өтті.
“Amanat” партиясының Бәйдібек аудандық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты қоғамдық ұйымы және Бәйдібек аудандық “Отбасын қолдау орталығының” ұйымдастыруымен әйелдердің психологиялық саулығын нығайту, құқықтық сауаттылығын арттыру және өмірлік қиын жағдайдан шығуына қолдау көрсету мақсатында «Күшің өзіңде: стресс басқару дағдылары» атты психологиялық және құқықтық көмек акциясы ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында қатысушыларға тәжірибелі психологтар, заңгерлер мен әлеуметтік қызметкерлер тарапынан тегін кеңестер беріліп, практикалық қолдау көрсетілді. Бағдарлама аясында стресс пен эмоционалдық күйзелісті басқару тәсілдері, өзін-өзі қолдау дағдылары, құқықтық қорғау мәселелері және әлеуметтік көмек алу жолдары кеңінен түсіндірілді.
Акцияның негізгі мақсаты – әйелдердің эмоционалдық тұрақтылығын арттыру, өмірлік қиындықтарды еңсеруге көмектесу, құқықтық және психологиялық қолжетімді көмекті қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың қоғамдағы белсенділігін қолдау болды.
Іс-шараға қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдер, көпбалалы және жалғызбасты аналар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер, жұмыссыз немесе әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматшалар қатысты. Сонымен қатар психолог мамандар, заңгерлер, құқықтық кеңес берушілер мен әлеуметтік қызметкерлер өз тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесу аясында психологиялық тренингтер мен мотивациялық кездесулер, жеке психологиялық консультациялар, құқықтық кеңес беру жұмыстары ұйымдастырылып, әлеуметтік қолдау тетіктері бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мұндай шаралар қоғамдағы әйелдердің рөлін нығайтып қана қоймай, олардың өз күшіне деген сенімін арттыруға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға ықпал етеді.



