Берік отбасы — қуатты қоғамның негізі
Жоба отбасы институтын нығайтуға, әйелдер мен балаларды қолдауға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, жауапты ата-аналық мәдениетті қалыптастыруға және мемлекет пен қоғамның бірлескен жұмысы арқылы балалар үшін қауіпсіз орта құруға бағытталған.
15 мамыр — Халықаралық отбасы күніне орай Қарағанды қаласында «Отбасын қолдау және қорғау: мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен іс-қимылы» тақырыбында кеңейтілген ведомствоаралық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты — отбасы институтын нығайту, әйелдер мен балаларды қолдау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара тиімді іс-қимылды күшейту мәселелерін талқылау болды.
Дөңгелек үстел барысында өңірде жүзеге асырылып жатқан қалалық және облыстық бағдарламалар аясындағы әлеуметтік қолдау шаралары, сондай-ақ «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының ана мен бала құқығын қорғауға және отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған бастамалары таныстырылды.
Қатысушылар келесі мәселелерге ерекше назар аударды:
- жауапты ата-аналық мәдениетті қалыптастыру;
- отбасылық қолайсыздықтың алдын алу;
- отбасыларға психологиялық қолдау көрсету;
- жасөспірімдер арасындағы буллинг пен агрессияның алдын алу;
- отбасы құндылықтарын нығайтудағы білім беру саласының рөлін арттыру.
Кездесу қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарына отбасы этикасы мен психологиясы сабақтарын енгізу, балалар тәрбиесіне ата-аналардың жауапкершілігін күшейту және жасөспірімдер ортасында зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша ұсыныстар әзірленді.
Қатысушылар берік отбасы — тұрақты қоғам мен ел болашағының басты негізі екенін атап өтті.