«ДАРИЯ КЕУДЕ, ТАУ МҮСІН» ҰРПАҚТАР ДИАЛОГЫ: ЕҢБЕК АРДАГЕРЛЕРІ МЕН АРДАҚТЫ АНАЛАРМЕН КЕЗДЕСУ
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты мен «Анаға тағзым» Жамбыл облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығы, әйелдер қанатының тең төрағасы Дамира Сүгірбайдың жетекшілігімен «Дария кеуде, тау мүсін» атты тағылымды мерекелік кездесу кеші өтті. Іс-шара ұрпақтар диалогы форматында ұйымдастырылып, еңбек ардагерлері мен ардақты аналардың басын қосты.
Кештің ашылу салтанатында «Әділет» партиясы облыстық филиалы төрағасының кеңесшісі Р.Тұрмаханбетова, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары А.Абдибекова сөз сөйлеп, барша аға буын өкілдері мен еңбек ардагерлерін мерекемен құттықтады.
Мерекелік кеш аясында ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатында бүлдіршіннің тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Баланың тұсауын «Әділет» партиясы облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты төрағасының орынбасары Д.Ускумбаева мен телеарна ардагері, «Асыл-Ана» әжелер ансамблінің мүшесі Г.Сариева кесіп, сәбидің болашағына ақ баталарын берді.
Кездесу барысында жастар мен аға буын арасында ашық сұхбат өрбіді. Белсенді жастар еңбек ардагерлері мен ардақты аналарға өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, олардың ғибратты өмір жолы, мол еңбек тәжірибесі, отбасылық құндылықтарды сақтау құпиясы мен кейінгі ұрпаққа айтар өсиет-тілектері туралы тұшымды да тағылымды жауаптар алды.
Кеш соңында «Анаға тағзым» орталығының директоры Д.Сүгірбай қорытынды сөз сөйлеп, іс-шараға қатысқан барша қонақтарға алғысын білдірді және ардақты аналар мен еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетіп, естелік сыйлықтар табыс етті.











