«Ғылым. Әйел. Шабыт.» – ізденіс пен өмірлік тәжірибе тоғысқан әсерлі кеш өтті
Жамбыл облысында ҚР жоғары оқу орындарының қызметкерлері күніне орай ғылым жолындағы тәжірибе, жас ғалым қыздардың тың идеялары мен шабытқа толы әсерлі жүздесу өтті.
«Ғылым. Әйел. Шабыт.» – ізденіс пен өмірлік тәжірибе тоғысқан әсерлі кеш өтті
Облыстық «Әділет» партиясы Әйелдер қанатының «Ғалым әйелдер» бағытының тең төрағасы О.Жолдасованың ұйымдастыруымен жоғары оқу орындарының ғалым қыздарының басын қосқан ерекше кездесу ұйымдастырылды. Кештің басты қонағы Жанат Әкебайқызы Ертаева өзінің ғылым жолымен, жүріп өткен белестерімен және бағалы тәжірибесімен бөлісіп, қатысушыларға ерекше қуаныш сыйлады.
Әңгіме барысында алғашқы ізденістер, кездескен қиындықтар, табандылық пен жетістіктерге толы талай сәттер еске алынды. Бүгінгі нәтижелердің артында қаншама еңбек, толқу мен үміт жатқаны бірге ой елегінен өткізілді. Жиында жас ғалым қыздардың да ойлары тыңдалып, олардың жаңа идеялары қатысушылардың барлығына қанат бітіріп, үлкен шабыт берді.
Ғылым жолында кейде бір жылы сөз бен шынайы әңгіменің өзі адамға алға жүруге зор күш береді. Бұл кеште қыз-келіншектеріміз бір-бірін түсініп, қолдау көрсетіп, болашаққа деген сенімдерін нығайта түсті.
Кездесу соңында «Әділет» партиясы облыстық филиалы төрағасының кеңесшісі Р. Тұрмаханбетова алдағы ауқымды жоспарлармен бөлісіп, ғалым қыздарға қажырлы еңбектері мен толасыз ізденістері үшін Әйелдер қанаты атынан шынайы алғысын білдірді.
Ғылымдағы нәзік жандылардың жолы әрдайым сәтті болсын!









