«Ғылымдағы әйелдер»
Бүгін «AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының басым бағыттарының бірі — «Ғылымдағы әйелдер» бойынша отырысы өтті.
Жиын барысында аталған бағытқа жетекшілік ететін Нұргүл Абишева 2026 жылға жоспарланған іс-шаралар мен бастамаларды таныстырып, оларды талқылауға ұсынды. Алдағы кезеңде ғылым саласындағы әйелдердің әлеуетін арттыру, олардың бастамаларын қолдау және тәжірибе алмасуға жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылатыны айтылды.
Отырысқа ғалымдар, облыстық білім басқармасының басшысы, сондай-ақ білім және ғылым саласының білікті мамандары қатысты. Жиынға қатысқан жұмыс тобы құрамы сала алдында тұрған маңызды міндеттерге тоқталып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Жиында «AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Әсел Сарманова өз тарапынан Әйелдер қанатының жұмысының негізгі мақсаты мен міндеттеріне тоқталып өтіп, бұл бағыттың қоғамдағы рөлі мен маңызын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша «Ғылымдағы әйелдер» бағытының жылдық жоспары әзірленіп, алдағы уақытта жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар жалғасатын болады.