«Қабілетке қарай бағыт: ерекше балаларға кәсіп таңдаудың тиімді жолдары» облыстық кездесу
Өңірде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға тең мүмкіндік жасау, олардың сапалы білім алып, қоғамға толыққанды бейімделуіне жағдай жасау
Маңғыстауда ерекше балаларға кәсіп таңдаудың тиімді тетіктері ұсынылды
Бүгін «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты білім басқармасымен бірлесіп «Қабілетке қарай бағыт: ерекше балаларға кәсіп таңдаудың тиімді жолдары» тақырыбында облыстық кездесу өткізді.
Іс-шараға партияның облыстық филиал төрағасы Нұрбек Қарасаев, облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, Әйелдер қанатының жетекшісі Пания Сармурзина, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Тілектес Болатбаева, сондай-ақ білім және кәсіпкерлік саласының өкілдері мен ерекше білім беруді қажет ететін балалардың ата-аналары қатысты.
Жиын барысында Нұрбек Қарасаев ерекше балаларды қолдау – партия жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Кедергісіз келешек» жобасы аясында өңірде нақты нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді.
– Әр бала – қайталанбас тұлға. Олардың қабілетін дер кезінде танып, дұрыс бағыт беру – ортақ міндетіміз. Біз ерекше балалардың сапалы білім алып, қоғамда өз орнын табуына барлық жағдай жасалуына мүдделіміз. Бұл бағытта білім беру ұйымдарымен, ата-аналармен және сарапшылармен бірлескен жұмыстар жалғасады, – деді филиал төрағасы Нұрбек Қарасаев.
Кездесу барысында мамандар ерекше білім беруді қажет ететін балалардың ата-аналарына кәсіптік бағдар беру бойынша жан-жақты ақпарат ұсынды. Атап айтқанда, баланың жеке қабілеті мен қызығушылығына сай мамандық таңдаудың маңыздылығы, олардың қоғамға бейімделуіне қолдау көрсету тетіктері және болашақта өз-өзін қамтамасыз ете алатын тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік жасау жолдары талқыланды.
Бүгінде Маңғыстау облысында психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) қорытындысына сәйкес 21 колледжде 89 ерекше білім беруді қажет ететін студент білім алуда. Олардың қатарында зиятының жеңіл бұзылысы, тірек-қимыл аппараты бұзылыстары, есту және көру қабілеті төмен, аутизм спектрі бұзылыстары бар, сондай-ақ ЛУО диагнозы қойылған жастар бар.
Білім басқармасы өкілдерінің мәліметінше, өңірде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға тең мүмкіндік жасау, олардың сапалы білім алып, қоғамға толыққанды бейімделуіне жағдай жасау бағытында кешенді әрі жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр.
Іс-шара соңында қатысушылар пікір алмасып, өз ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ ата-аналар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, тиісті сала мамандарымен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік алды.
https://www.facebook.com/share/p/1JfraQxrY1/
