ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНДА «ТЕҢ МҮМКІНДІКТЕР» ФЕСТИВАЛІН ӨТКІЗУ БОЙЫНША ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖИНАЛЫСЫ ӨТКІЗІЛДІ
Әйелдер қанатының бастамасымен Қарағанды облысында «Тең мүмкіндіктер» фестивалін өткізу жоспарлануда.
«ӘДІЛЕТ» партиясы Әйелдер қанатының бастамасымен Қарағанды облысында «Тең мүмкіндіктер» атты балалар инклюзивті спорт фестивалін өткізу жоспарланып отыр. Маңызды жоба Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі бекіткен арнайы Ереже негізінде жүзеге асырылады.
Фестивальді ұйымдастыруға арналған жиналысқа Білім, Денсаулық сақтау, Дене шынықтыру және спорт, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармаларының, сондай-ақ Қоғамдық кеңестің өкілдері қатысты. Фестивальдің өтетін орны мен уақыты бекітілді.
Фестивальдің басты мақсаты — ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсету, олардың спортқа деген ынтасын арттыру және қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыру. Шараға Қарағанды облысының әкімі Е.Қ. Бөлекпаевтың және жауапты мемлекеттік органдар басшыларының қатысуы күтілуде.
Жобаны тиімді жүзеге асыру мақсатында Қарағанды облысының Білім басқармасымен және құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта ұйымдастыру алқасы құрылып, алдағы уақытта өтетін жұмыс тобының отырысында негізгі міндеттер мен дайындық жоспарын айқындау көзделуде.
Бұл бастама өңірдегі балаларға тең мүмкіндіктер беріп, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына үлкен серпін береді.