«Кедергісіз келешек – баршаға ортақ мүмкіндік»
Жамбыл облысы Жуалы ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға арналған «Кедергісіз келешек – баршаға ортақ мүмкіндік» атты жылы кездесу өтті.
Кездесуді «Әділет» партиясы Жуалы аудандық филиалы мен Әйелдер қанаты ұйымдастырды.
Кездесуге ауданымыздың 20-ға жуық тұрғыны, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар қатысты.
Басқосуда «Әділет» партиясы аудандық филиалының төрағасы және Әйелдер қанатының белсенділері қатысушылармен ашық сөйлесіп, мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектер мен жеңілдіктер туралы қарапайым тілмен түсіндіріп берді. Жәрдемақы алу, қажетті көмектерге қол жеткізу және заңды құқықтарды қорғау мәселелері ортаға салынды.
Кездесудегі ең маңызды тақырыптың бірі – инватакси қызметі болды. Жиналғандар бұл қызметтің жұмысы, оны шақыру тәртібі мен кездесетін қиындықтары туралы өз ойларын айтып, ұсыныстарын білдірді.
Біз үшін әрбір азаматтың пікірі маңызды. Сондықтан кездесу еркін форматта өтіп, тұрғындарды мазалаған сұрақтардың бәріне нақты жауаптар берілді. Көтерілген мәселелер алдағы уақытта Әйелдер қанатының тікелей бақылауында болады.
