Маңғыстауда «ӘЙЕЛ ӨМІРІ ҮШІН» республикалық ақпараттандыру айлығы басталады
1 қазаннан басталатын бір айлық науқан кезінде сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу және оны ерте сатыда анықтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
1 қазаннан бастап сүт безі қатерлі ісігінің алдын алуға және ауруды ерте анықтауға бағытталған «ӘЙЕЛ ӨМІРІ ҮШІН» республикалық ақпараттандыру айлығы басталады. Осыған орай «Әділет» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында аталған акцияның маңызы мен өңірдегі онкологиялық аурулардың алдын алу мәселелеріне арналған брифинг өтті.
Жиынға «Әділет» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы басшысының орынбасары Нұрбек Қарасаев, партияның Әйелдер қанатының жетекшісі Пания Сармурзина, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Жанар Тулебаева және онколог-маммолог дәрігер Рысжан Урынбасарова қатысты.
Брифинг барысында мамандар сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу, оны ерте кезеңде анықтау және әйелдердің медициналық тексерулерден уақытылы өтуінің маңыздылығына тоқталды.
Онколог-маммолог Рысжан Урынбасарованың айтуынша, биыл Маңғыстау облыстық онкологиялық орталығында 735 пациент диспансерлік есепке алынған. Оның ішінде 85 әйелге, яғни 11,5 %-на сүт безінің қатерлі ісігі диагнозы қойылған.
Салыстырмалы түрде қарағанда, былтыр осы диагнозбен 70 пациент есепке алынған. Биыл бұл көрсеткіш 85-ке жетіп отыр.
«Сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау – емнің нәтижелі болуының маңызды факторларының бірі. Сондықтан әйелдердің өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық тексерулерден және скринингтен уақытылы өтуі өте маңызды», – деді онколог-маммолог Рысжан Урынбасарова.
Мамандардың айтуынша, скринингтің негізгі мақсаты – ауруды клиникалық белгілері байқалмай тұрып анықтау. Бұл өз кезегінде емді дер кезінде бастап, асқынудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Алдағы бір ай көлемінде «ӘЙЕЛ ӨМІРІ ҮШІН» акциясы аясындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары облыстың барлық аумағында жүргізіледі.
Партияның Әйелдер қанатының жетекшісі Пания Сармурзинаның айтуынша, айлық аясында 20-ға жуық іс-шара ұйымдастыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында ақпараттық-түсіндіру кездесулері, денсаулықты нығайтуға бағытталған спорттық шаралар және әйелдер арасында профилактикалық мәдениетті қалыптастыруға арналған түрлі іс-шаралар бар.
Брифинг барысында Нұрбек Қарасаев ана мен бала денсаулығын қорғау, әйелдердің әл-ауқатын арттыру бағытындағы партиялық жобаларға да тоқталды. Оның айтуынша, халықтың денсаулығын сақтау, профилактикалық медицинаны дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бастамалар партия жұмысының маңызды бағыттарының бірі.
Мамандар әйелдерді өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, медициналық тексерулерден уақытылы өтуге шақырады. Себебі ауруды ерте анықтау – дер кезінде ем қабылдауға және денсаулыққа төнетін қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді. #ӘйелӨміріҮшін2026
https://www.facebook.com/share/v/1DSqjL7rvD/?mibextid=wwXIfr