«Мектепке нық қадаммен!» — ШҚО-да балаларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар табысталуда
Өскемен қаласында жаңа оқу жылына дайындық аясында «Әділет» партиясының бастамасымен «Мектепке нық қадаммен!» акциясы басталды.
Бүгін партияның облыстық филиалында 50-ге жуық оқушыға жаңа рюкзактар мен мектепке қажетті оқу құралдары табысталды.
Игі бастамаға партия өкілдері, бейжай қарамайтын тұрғындар мен демеушілер атсалысып, балаларды жаңа оқу жылына дайындауға өз үлестерін қосты.
Акция 26 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Шығыс Қазақстан облысының барлық аудандары мен қалаларында өтеді. Осы күндері балаларға мектеп рюкзактары мен оқуға қажетті құрал-жабдықтар табысталатын болады.
«Бала үшін жаңа оқу жылы — үлкен қуаныш әрі жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Әрбір оқушының мектепке жақсы көңіл күймен барып, жаңа білімді қызығушылықпен меңгеруі маңызды. Осы игі бастамаға қолдау көрсетіп, балалардың жаңа оқу жылын қуанышпен қарсы алуына үлес қосып жатқан барлық демеушілер мен партияластарымызға алғысымды білдіремін», — деді «Әділет» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Жанат Мекеева.
Акцияның басты мақсаты — жаңа оқу жылы қарсаңында оқушыларға қолдау көрсету, оларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жаңа білімге нық қадам басуына ықпал ету.
«Мектепке нық қадаммен!» — балаларға қамқорлық танытып, игі істер төңірегінде жұртшылықты біріктіруге және оларға жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталған «Әділет» партиясының әлеуметтік бастамасы.