Психологиялық көмек кәсіби әрі қауіпсіз болуы тиіс
8 сәуір күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралуда. Аталған заңды әзірлеу бастамасы «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатына тиесілі.
Бүгін, 8 сәуір күні, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасының бірінші оқылымы өтуде.
Бұл заң жобасын әзірлеу бастамасы «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатына тиесілі екенін ерекше атап өткен жөн. Бұл — азаматтарға сапалы, кәсіби әрі қауіпсіз психологиялық көмек көрсету жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Қазіргі таңда психологиялық көмек көрсету саласы қарқынды дамып келеді. Алайда кәсіби мамандармен қатар арнайы білімі мен даярлығы жоқ адамдар да қызмет көрсетуде. Жаңа заң осы саланы жүйелеуге мүмкіндік береді: мамандарға қойылатын талаптарды анықтап, жұмыс ережелерін белгілеп, заңбұзушылықтар үшін жауапкершілікті қарастырады.
Заңның қабылдануы психологиялық қызмет сапасын арттырып, азаматтарды біліксіз мамандардан қорғауға көмектеседі. Сонымен қатар құжат азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған: әр адам өзіне қажетті маманды таңдай алады, қажет болған жағдайда қызметтен бас тартуға құқылы және жеке мәліметтерінің құпия сақталуына сенімді болады.
Бұл бағыт Қарағанды облысында да ерекше назарда. Бүгінде өңірімізде барлық әйелдерге, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға және психологиялық қолдау қажет жасөспірімдерге арналған психологиялық көмек кабинеті жұмыс істейді.
Бұл заң тек ереже мен тәртіп туралы емес. Бұл — қоғамда психологиялық денсаулық мәдениетін қалыптастыру, адамға құрметпен қарау және әр азаматтың сапалы әрі қауіпсіз көмек алуына жағдай жасау туралы маңызды бастама.