Ұстаздар үні: Таразда білім саласының өзекті мәселелері талқыланды
Тараз қаласында мұғалімдердің еңбек жағдайын жақсарту, білім сапасын арттыру және білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылау мақсатында ашық диалог алаңы өтті.
Мұғалім мәртебесі мен мектептегі реформалар тек кабинеттерде емес, тікелей ұстаздардың қатысуымен талқылануы тиіс. Осы мақсатта Тараз қаласындағы №54 орта мектепте еркін пікірталас алаңы ұйымдастырылды. «Әділет» партиясының Тараз қалалық филиалы ұйытқы болған бұл кездесу «Ұстаз айтса» республикалық акциясына арналды.
Басқосуға саяси ұйым өкілдері, Іскер әйелдер қауымдастығының жетекшілері мен білім беру саласының мамандары жиналды. Диалог барысында «Балаға бүгін не қажет?», «Жүйеде нені өзгерту керек?» деген сияқты қарапайым әрі маңызды сұрақтар қойылды. Мұғалімдер өздерін толғандырып жүрген еңбек жағдайы мен білім сапасына қатысты ойларын ашық айтты. Партия филиалының төрағасы Н. Мауленов бұл кездесудің нәтижесіз қалмайтынын, айтылған әрбір пікір негізінде жүйелі ұсыныстар жасалып, жоғары органдарға жолданатынын атап өтті.

