«AMANAT ARUY – 2026»: ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ ПЕН ТӘРБИЕНІҢ ТОҒЫСЫ
Түркістан облысында «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының ұйымдастыруымен партияның «Мәдени мұра» жобасы аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды мәдени шаралардың бірі «AMANAT ARUY – 2026» байқауы өтті.
Аудандағы 13 бастауыш партия ұйымынан іріктелген арулар арасында ұйымдастырылған байқау қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттауға, жас қыздардың бойына инабаттылық, парасаттылық пен ұлттық тәрбиені сіңіруге ұлттық киім, өнер және қолөнер арқылы халықтық мұраны дәріптеуге бағытталды.
Шорнақ ауылындағы мәдениет үйінде өткен сайысқа қоғам белсенділері, депутаттар, аудан тұрғындары, әжелер кеңесі мен партия өкілдері қатысты. Байқаудың ашылу салтанатында сөз алған облыстық мәслихаттағы партиялық фракция мүшесі, депутат Баймахан Сүлейменов байқаудың сұлулық сайысы ғана емес, ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды дәріптейтін маңызды алаң екенін атап өтті. Ал, «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков бұл жобаның маңыздылығына ерекше тоқталды.
— «Ұлттық мұра» бұл мәдени жоба ғана емес, ұлттың болмысын сақтауға бағытталған идеологиялық алаң. «AMANAT» партиясы үшін ұлттық тәрбие, салт-дәстүрді жаңғырту басты басымдықтардың бірі. Бүгінгі байқау арқылы біз қазақ қызының бойындағы әдептілік пен парасаттылықты, өнер мен білімді ұштастыра білген тұлғаларды насихаттаймыз. Мұндай бастамалар жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады, – деді ол.
Байқауға қатысушы арулар бірнеше кезең бойынша бақ сынады. Атап айтқанда, «Таныстыру» кезеңінде қатысушылар өздерін таныстырып, өмірлік ұстанымдары мен мақсаттарын ортаға салды. «Сұрақ-жауап» бөлімінде қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы бойынша білімдері сыналды. Ал «Өз өнерін көрсету» кезеңінде қыздар ән айтып, би билеп, күй орындап, өздерінің шығармашылық қабілеттерін паш етті. Соңғы «Салт-дәстүр көрінісі» кезеңінде қатысушылардың қазақтың ұлттық рәсімдерін сахналық қойылыммен ұштастыруы көпшіліктің жүрегінен орын алып, өткен мен бүгінді жалғаған тағылымды сәттерге айналды.
Іс-шара соңында жеңімпаздар анықталып, арнайы марапаттарға ие болды. Бас жүлде «Шаға» бастауыш партия ұйымының аруы Гүлназ Орынбайға бұйырса, бірінші орынды «Яссы» БПҰ-нан Дилназ Нариманова, екінші орынды «Жаңа Иқан» БПҰ-нан Махбуба Ташполат және үшінші орынды «Ораңғай» бастауыш партия ұйымынан қатысқан Аружан Жаңабек иеленді. Барлық қатысушыға белсенді атсалысқаны үшін Алғыс хат табыс етілді.
”AMANAT ARUY – 2026» байқауы партияның «Ұлттық мұра» жобасы аясында жүзеге асып жатқан нақты жұмыстардың бір көрінісі. Мұндай жобалар ұлттық мәдениетті сақтауға, жастардың тәрбиесіне оң ықпал етіп, қоғамда рухани құндылықтарды нығайтуға бағытталған.











