AMANAT: ШЫМКЕНТТЕ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Шымкент қаласында балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға бағытталған «Балаларға шаттық сыйлаған жарқын күн» атты қайырымдылық акциясы өтті.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Шымкент қаласында балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға бағытталған «Балаларға шаттық сыйлаған жарқын күн» атты қайырымдылық акциясы өтті. Іс-шара «AMANAT» партиясының қолдауымен «Қорғаншылық және қамқоршылық орталығы» мен Шымкент қалалық Білім басқармасының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. Мерекелік шараға партияның Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты жетекшісінің орынбасары, «Отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау» жөніндегі кеңестің төрайымы Баян Жандосова, білім саласының мамандары, сондай-ақ қайырымдылық бастаманы қолдаған азаматтар қатысты. Акцияның басты мақсаты – балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, олардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру және қоғамның балаларға деген қамқорлығын арттыру болды. Іс-шара аясында 100 балаға арнайы мәдени-ойын-сауық бағдарламасы ұсынылды. Балалар кино көріп, аттракциондарда уақыттарын көңілді өткізді. Сонымен қатар олар үшін арнайы дастарқан жайылып, тәттілер таратылып, естелік сыйлықтар табысталды. Жиында сөз сөйлеген Баян Жандосова мұндай игі шаралардың балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың қоғам тарапынан қамқорлық пен қолдауды сезінуіне ықпал ететінін атап өтті. «Балалардың күлкісі мен шаттығын көруден асқан бақыт жоқ. Біздің басты мақсатымыз – оларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, жарқын әсер қалдыру. Осындай игі бастамалар арқылы балалардың жүзіндегі қуанышты көру біз үшін үлкен мәртебе. Әрбір бала бақытты балалық шаққа лайық», – деді ол. Мереке соңында балаларға қолдау көрсетіп, қайырымдылық акциясының жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан жомарт жандар мен серіктес ұйымдарға Шымкент қалалық Білім басқармасының атынан арнайы алғыс хаттар табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, қоғамда мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын дәріптеуге де ықпал етеді.