«ӘЙЕЛ ӨМІРІ ҮШІН»: СҮТ БЕЗІ ОБЫРЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ – ӨМІРГЕ ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАУ
Бүкіл әлемде қазан айы сүт безі обыры туралы ақпараттандыру, аурудың алдын алу және ерте диагностиканың маңыздылығын түсіндіру айы ретінде аталып өтеді. Осыған орай бүгін «Әділет» партиясы Әйелдер қанатының бастамасымен «ӘЙЕЛ ӨМІРІ ҮШІН» атты республикалық ақпараттық акциясы ұйымдастырылды.
Акцияның басты мақсаты – сүт безі обыры туралы халықтың сауаттылығы мен хабардарлығын арттыру, әйелдердің өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру, дер кезінде дәрігерге қаралудың және медициналық көрсетілімдерге сәйкес скринингтік тексерулерден өтудің маңыздылығын түсіндіру. Сонымен қатар, ауруды ерте кезеңде анықтаудың маңызын насихаттау және ем қабылдап жатқан әйелдерге моральдық қолдау көрсету көзделді.
Іс-шара барысында қатысушыларға сүт безі обырының алдын алу, аурудың алғашқы белгілеріне назар аудару, тұрақты медициналық тексеруден өту және денсаулыққа бейжай қарамау жөнінде ақпарат берілді. Мамандар әйелдерге өз денсаулығын күту, күмәнді белгілер байқалған жағдайда дәрігерге уақытылы жүгіну қажеттігін түсіндірді.
Аталған акцияға «Әділет» партиясы Түлкібас аудандық филиалының төрағасы Ержан Жүнісов, Түлкібас аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Жансұлу Ақылбаева, орталық аурухананың дәрігер-маммологы, онколог Феруза Султанова, аурухана ұжымы және аудан тұрғындары қатысты.
Іс-шара аясында әйелдер денсаулығын қорғау, онкологиялық аурулардың алдын алу және медициналық көмекке уақтылы жүгіну мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Әйел денсаулығы – отбасының амандығы мен қоғамның саулығының негізі. Сүт безі обыры ерте анықталған жағдайда емдеу мүмкіндігі арта түседі. Сондықтан денсаулыққа жауапкершілікпен қарап, дәрігер кеңесіне жүгіну және қажетті тексерулерден уақытылы өту – әрбір әйел үшін маңызды қадам.
Өз денсаулығыңызды кейінге қалдырмаңыз! Өзіңізді күтіңіз, жақындарыңызға қамқор болыңыз. Әрбір әйелдің өмірі маңызды!



