Әйелдер қанатының қатысуымен «Цифрлы педагог: жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану» кездесуі өтті
Жезқазғанда өткен білім беру саласындағы кездесуде Әйелдер қанатының қатысуымен жасанды интеллектті оқыту үдерісінде тиімді қолдану мәселелері талқыланды.
Ұлытау облысы Жезқазған қаласындағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында «Цифрлы педагог: жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану» тақырыбында білім беру саласының мамандарымен кездесу өтті.
Іс-шараға «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова қатысып, партияның мұғалімдерге арналған жобалары және жаһандану жағдайында жасанды интеллекттің маңыздылығы туралы айтты. Ол «Мұғалім Talks» жобасының педагогтердің тәжірибе алмасуына және білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді көтеруге ықпал етіп отырғанын атап өтті.
Сондай-ақ «Daryn Ustaz» педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру орталығының директоры Ерлан Әбдіманапов жасанды интеллектті тиімді қолдануға бағытталған жаңа жобаны таныстырды. Жоба аясында мұғалімдер арнайы курстардан өтіп, өз жобаларын ұсыну мүмкіндігіне ие болады. Үздік 20 жоба иесіне Оңтүстік Кореяда тәжірибе алмасу мүмкіндігі қарастырылған.
Кездесу барысында Ұлытау ауданынан келген ұстаз Маржан Аханова жасанды интеллект саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, педагогикалық тәжірибеде қолдану әдістерін таныстырды.
Іс-шара білім беру саласында цифрлық құзыреттерді дамытуға және жасанды интеллект технологияларын тиімді енгізуге бағытталды.