Әйелдер қанатының өкілі Дулати университетінің түлектер форумына қатысты
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының белсенді мүшесі Дария Қожамжарова М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде өткен І Түлектер форумына қатысты. Форум барысында жоғары білімді дамыту, академиялық сабақтастықты нығайту және университеттің жаңа даму стратегиясы талқыланды
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының белсенді мүшесі, «Ғылымдағы әйелдер» бағыты бойынша эксперт Дария Қожамжарова М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде өткен «Дулати – білім бесігі: ұрпақтар сабақтастығы мен жарқын болашаққа сенім» атты І Түлектер форумына қатысты. Форум жоғары білім беруді дамытудағы түлектер қауымдастығының рөлін, академиялық сабақтастық пен адами капиталдың маңызын айқындаған маңызды алаң болды. Әсіресе, DULATY ALUMNI GLOBAL халықаралық платформасы мен Endowment қорының іске қосылуы университеттің тұрақты дамуы мен халықаралық академиялық ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған стратегиялық бастамалар ретінде ерекше мәнге ие. Форум аясында университеттің қоғамдық өмірінде белсенділік танытып жүрген әйелдер қауымының еңбегі де ерекше назар аудартты. Білім мен ғылымды дамытуға, жас ұрпақ тәрбиесіне, рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге үлес қосып жүрген аяулы аналар мен білікті мамандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Әйелдер қанатының бастамашылдығы мен қоғамдық белсенділігі университеттің дамуына және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға зор үлес қосып келеді.
2013–2018 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарған кезеңде жоғары білім жүйесін дамыту бағытындағы бастамалардың маңызын терең сезіндік. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі форум университет пен түлектер арасындағы серіктестіктің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті. Форум аясында университеттің ұзақмерзімді даму стратегиясының негізгі басымдықтары айқындалып, өңірлік және ұлттық деңгейдегі ғылыми-білім беру кеңістігіндегі жаңа даму векторлары белгіленді. Бүгінде Дулати университеті өзінің жаңа даму кезеңіне қадам басып отыр. Мұны шартты түрде «Dulaty Renaissance» – университеттің академиялық жаңғыруы, ғылыми әлеуетінің артуы және халықаралық трансформациясының жаңа кезеңі деп бағалауға болады.