Балалар күлкісі – бақыттың белгісі
Бүгін Достық үйі алаңында облыстық Аналар кеңесі мен «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Біз бақытты баламыз» атты мерекелік іс-шара өтті.
Шараның басты мақсаты – балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, олардың қоғам өміріне белсенді қатысуына қолдау көрсету және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қамқорлық пен мейірім көрсету болды. Мерекеге инклюзивті балалар, олардың ата-аналары, волонтерлер және Аналар кеңесінің мүшелері қатысты.
Іс-шара барысында балалар түрлі қызықты ойындарға қатысып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған би флешмобында өнер көрсетті. Сондай-ақ «Әрқашан күн сөнбесін…» тақырыбындағы сурет байқауында өз қиялдары мен шығармашылық мүмкіндіктерін паш етті. Балалардың әрбір жұмысы бейбіт өмірге, достық пен бақытты балалық шаққа деген көзқарасын айқын көрсетті.
Мереке соңында барлық қатысушылар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Халықаралық балаларды қорғау күні құтты болсын! Барша балақайларға шаттыққа толы балалық шақ, мықты денсаулық, оқуда табыс және жарқын болашақ тілейміз!
Іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына қолдау көрсетіп, балаларға қуаныш сыйлаған демеушілерге ерекше алғысымызды білдіреміз. Олардың қайырымдылығы мен жанашырлығы өскелең ұрпақтың бақытты болашағын қалыптастыруға қосылған маңызды үлес болып табылады.