БІЛІМ АЛУҒА ТЕҢ МҮМКІНДІК – ӘДІЛ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ
Партия өз жұмысында әлеуметтік әділеттілік принципін берік ұстана отырып, қоғамның әр мүшесіне, әсіресе балаларға қолдау көрсетуге ерекше мән береді. Баланың әлеуметтік жағдайы оның білім алуына, арманына, болашағына кедергі болмауы тиіс деп санайды. Осы ұстанымның аясында жаңа оқу жылының қарсаңында «Әділет» партиясының «Мектепке нық қадаммен» акциясы Түркістан облысы, Сайрам ауданында жалғасын тапты.
БІЛІМ АЛУҒА ТЕҢ МҮМКІНДІК – ӘДІЛ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ
«Әділет» партиясы үшін білім беру – мемлекеттің болашағын айқындайтын стратегиялық бағыттардың бірі. Балалардың сапалы білім алуына жағдай жасауды елдің ертеңіне салынған инвестиция деп білеміз. Әр баланың білім алуға тең мүмкіндігінің болуын әлеуметтік әділеттіліктің басты қағидаты ретінде қарастырамыз.
Партия өз жұмысында әлеуметтік әділеттілік принципін берік ұстана отырып, қоғамның әр мүшесіне, әсіресе балаларға қолдау көрсетуге ерекше мән береді. Баланың әлеуметтік жағдайы оның білім алуына, арманына, болашағына кедергі болмауы тиіс деп санайды. Осы ұстанымның аясында жаңа оқу жылының қарсаңында «Әділет» партиясының «Мектепке нық қадаммен» акциясы Түркістан облысы, Сайрам ауданында жалғасын тапты.
Акция аясында партияның Сайрам аудандық филиалы әлеуметтік тұрғыда осал топтарға жататын отбасылардың 120 баласын Шымкент қаласындағы хайуанаттар бағына қыдыртып, балақайларға ерекше көңіл күй сыйлады. Жеткіншектер хайуанаттар бағын аралап, табиғат әлемімен танысып, қызықты күн өткізді. Оларға балмұздақ пен тәтті сусындар ұсынылып, балалық шақтың қуанышты сәттері сыйланды.
Ал аудан орталығы Ақсукентте өткен қайырымдылық шарасында балаларға мектеп сөмкелері, оқуға қажетті құралдар мен киім-кешектер табысталды. Бұл – отбасыларға көрсетілген нақты әлеуметтік қолдау болуымен қатар, балалардың жаңа оқу жылын алаңсыз әрі жақсы көңіл күймен бастауына жасалған мүмкіндік болды. Іс-шараға Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев, «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева қатысып, балаларға жүрекжарды тілектерін жеткізді.
«- Балалар, жаңа оқу жылы – жаңа арман мен жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Әрқайсыңның жүректеріңде өз армандарың бар. Сол арманға жеткізетін ең сенімді жол – білім. Сондықтан мектепке нық қадаммен барыңдар. Жақсы оқыңдар, ұстаздарыңды тыңдаңдар, достарыңды қадірлеңдер. Ең бастысы – өздеріңе сеніңдер. Әр баланың сапалы білім алуға, бақытты балалық шаққа, үлкен арманға құқығы бар. Осы игі іске қолдау көрсетіп, балалардың қуанышына себеп болған барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін», - деді Қалыйма Жантөреқызы.
«Мектепке нық қадаммен» акциясы баланың білімге деген ынтасын арттыратыны айтылды. Әлеуметтік әділетті қоғам әр баланың мүмкіндігін теңестіруден басталатынына баса мән берілді. Шара барысында балалардың жүзінен қуаныш, ата-аналардың жүзінен ризашылық байқалды. Бүгінгі күннің әсерлі сәттеріне мәз болған бүлдіршіндер сыйлықтарын қуана қабылдап, алған әсерлерін бір-бірімен бөлісті. Ата-аналар да ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, балаларға көрсетілген қамқорлықтың отбасылары үшін үлкен қолдау екенін атап өтті.
«Әділет» партиясы үшін мұндай бастамалар бір реттік акциямен шектелмейді. Партия білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, балалардың әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы білім алуына мүмкіндік жасау және әлеуметтік қолдауды күшейту бағытындағы жұмыстарын алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра береді.