ОТЫРАР АУДАНЫНДА «МЕКТЕПКЕ НЫҚ ҚАДАММЕН» – БАЛАЛАРҒА ЖҮРЕКЖАРДЫ ҚОЛДАУ
Жаңа оқу жылы қарсаңында өскелең ұрпаққа қолдау көрсету, балалардың білімге деген ынтасын арттыру және әр оқушының мектепке көтеріңкі көңіл-күймен баруына жағдай жасау мақсатында Отырар аудандық филиалы Әйелдер қанатының «Мектепке нық қадаммен» акциясы аясында игі іс жүзеге асырылды.
Ізгі бастама аясында Отырар аудандық мәслихатының төрағасы Ұзақов Уалихан Жамалханұлы, аудандық мәслихат депутаттары, Әйелдер қанатының мүшелері қатысып, аудан аумағындағы 110 оқушыға жаңа оқу жылына қажетті мектеп сөмкелері мен оқу құралдарын табыстады.
Балаларға көрсетілген бұл қолдау олардың жаңа оқу жылына тыңғылықты дайындалып, білім ордасына нық қадам басуына мүмкіндік беріп қана қоймай, әр балаға деген қамқорлық пен жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Балаға жасалған әрбір жақсылық – оның болашағына жасалған инвестиция. Өйткені балаға берілген қолдау оның өзіне деген сенімін арттырып, білімге деген қызығушылығын оятып, үлкен мақсаттарға ұмтылуына жол ашады.
Ұлт болашағы – білімді әрі тәрбиелі ұрпақтың қолында. Сондықтан балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау, олардың әр қадамына қолдау көрсету – баршамызға ортақ міндет.
Жаңа оқу жылы барша оқушыға сәттілік, толағай табыс пен биік жетістіктер әкелсін! Әр баланың мектепке жасаған қадамы нық болып, білім жолындағы армандары орындалып, алар асуы мен бағындырар белесі көп болсын!

