ШАРДАРА АУДАНЫ : «ӘДІЛЕТ»: ОТБАСЫҒА ҚАМҚОРЛЫҚ – ҚОҒАМҒА ОРТАҚ МІНДЕТ
Отбасы күніне орай «Әділет» партиясы Шардара аудандық филиалының Әйелдер қанатының мүшелері аудандық «Қамқорлық» отбасыны қолдау орталығымен бірлесіп, әлеуметтік қолдауды қажет ететін бірқатар көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың отбасыларына арнайы барып, олардың жағдайымен танысты. Кездесу барысында отбасы мүшелерімен жылы жүздесіп, олардың тұрмыс-тіршілігіне көңіл бөлінді. Ізгі бастама аясында отбасыларға азық-түлік себеттері табысталып, қажетті қолдау көрсетілді
Әсіресе, балаларға жылы лебіздер айтылып, оларға зор денсаулық, жарқын балалық шақ және бақытты болашақ тілектері білдірілді. Мұндай кездесулер материалдық көмек көрсетумен ғана шектелмей, отбасы мүшелеріне қолдау мен қамқорлықтың бар екенін сезіндіруімен де маңызды.
Отбасы – әр адамның жылуы мен тірегі, ал берік отбасы – мықты қоғамның негізі. Сондықтан әлеуметтік қолдауды қажет ететін жанұяларға назар аударып, олардың жанынан табылу – қоғамның ортақ адамгершілік міндеті.
Бір отбасыға жасалған көмек – үлкен өзгерістің бастауы. Ал шынайы көңіл мен жылы сөздің өзі қиын сәтте адамға күш беріп, үміт сыйлайды.
«Әділет» партиясы алдағы уақытта да отбасы құндылықтарын нығайтуға, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуге, сондай-ақ қоғамдағы өзара жанашырлық пен мейірімділікті арттыруға бағытталған игі бастамаларды жалғастыра береді.
Қамқорлық бар жерде – жылулық бар.
Берекелі отбасы – берік қоғамның негізі!


