ШЫМКЕНТТЕ «БАҚЫТТЫ ЖАНҰЯ» АЛЛЕЯСЫ АШЫЛДЫ
ШЫМКЕНТТЕ «БАҚЫТТЫ ЖАНҰЯ» АЛЛЕЯСЫ АШЫЛДЫ
«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ: ШЫМКЕНТТЕ «БАҚЫТТЫ ЖАНҰЯ» АЛЛЕЯСЫ АШЫЛДЫ
Отбасы – бір шаңырақтың ғана емес, тұтас қоғамның берекесі мен тұрақтылығының негізі. Осы құндылықты кеңінен дәріптеу мақсатында Шымкент қаласында Отбасы күні қарсаңында жаңа қоғамдық кеңістік – «Бақытты жанұя» аллеясы ашылып, тұрғындар игілігіне берілді.
Жаңа аллеяның бой көтеруіне меценат, «Әділет» партиясы Әл-Фараби аудандық филиалының төрағасы, партияның «Әйелдер қанатының» төрайымы Наргиза Керимбаева демеушілік жасаған.
Нысанның ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, атқарылған жұмыстармен танысты. Қала басшысы аллеяның абаттандырылуы мен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға оң бағасын берді.
«Бақытты жанұя» аллеясын жасау барысында адамдар демалып, уақытын тиімді өткізе алатын жайлы кеңістік болуына мән берілген. Аумақ толықтай көгалдандырылып, жасыл желекпен көмкерілген. Көгалға автоматты суару жүйесі орнатылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілген.
Аллеяның сәнін келтіріп тұрған нысандардың бірі – ата-ана мен баланың өзара байланысын бейнелейтін отбасылық композиция түріндегі мүсін. Бұл туынды аллеяның атауына сай отбасы бірлігінің символына айналған.
Сонымен қатар аумақта субұрқақ орнатылып, тұрғындарға арналған орындықтар қойылған. Жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болу үшін арнайы төсем төселіп, кешкі уақытта аумақты жарықтандыратын заманауи LED жүйесі қарастырылған.
Жаңа аллеяның тағы бір ерекшелігі – оның тек көрікті демалыс орны ретінде емес, отбасы құндылықтарын ұлықтайтын ортақ кеңістік ретінде қалыптасуында. Мұнда ата-аналардың балаларымен бірге серуендеп, бос уақытын өткізуіне қолайлы жағдай жасалған.