ТҮРКІСТАНДА ОТБАСЫЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Түркістан қаласында отбасылық қарым-қатынастың өз-өзіне қол жұмсау және аутодеструктивті мінез-құлыққа ықпалы тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Облыстық Әйелдер қанатының жұмыс жоспарына сәйкес өткізілген іс-шараға Б.Момышұлы атындағы №22 жалпы білім беретін мектептің ата-аналары мен педагогтары қатысты.
Жиын барысында «Түркістан облысы психологиялық қолдау орталығы» КММ психологы Салтанат Сейдлазимова баяндама жасап, отбасындағы психологиялық ахуалдың бала тәрбиесіне, жасөспірімдердің эмоционалдық жағдайына әсері туралы кеңінен айтты. Сондай-ақ, аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу, балалармен сенімді қарым-қатынас орнату және ата-аналық қолдаудың маңызы жөнінде пікір білдірді.
Кездесу барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайту, жасөспірімдерге психологиялық қолдау көрсету бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды.
Жиын соңында мамандар жасөспірімдер арасындағы психологиялық мәселелердің алдын алуда отбасы, мектеп және қоғамның бірлескен жұмысы маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, ата-аналарға балалардың эмоционалдық жағдайына бейжай қарамай, олармен тұрақты ашық диалог орнатудың маңыздылығы түсіндірілді. Іс-шара қатысушыларға ой салып, психологиялық қолдау көрсету бағытындағы тәжірибе алмасу алаңына айналды.


