ТЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІ – ТАҒДЫРЛЫ ДӘУІРДІҢ КУӘГЕРЛЕРІ
Халықаралық қарттар күні – аға буынға алғыс айтып, олардың өмір жолына тағзым ететін ерекше күн. Біздің қоғамда қарияны қадірлеу – қалыптасқан салт болуымен қатар, ұрпақ тәрбиесінің өзегі саналады. Осы айтулы күнге орай «Әділет» партиясының Түркістан қалалық филиалы «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы аясында Түркістан қаласындағы бірқатар тыл еңбеккерлерінің шаңырақтарына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Мерекелік кездесулерге Түркістан қалалық «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мекемесіне қарасты №1 «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының жетекшісі Әсел Жаңабекова қатысып, қарияларға әлеуметтік қызметтер көрсету ұйымының атынан алғысын білдірді.
Партия өкілдері қариялардың хал-жағдайын сұрап, азық-түлік себеттерін табыстады. Ең бастысы, үлкендердің әңгімесіне құлақ асып, өткен күндер туралы естеліктерін тыңдады. Тыл еңбеккерлерінің тағдыры – ел тарихының ажырамас бөлігі. Мереке күнгі құттықтау кездесулері өмірлік белестері 80 жасқа жуықтаған тыл еңбеккерлері Ирисбек Хаджиддиновтың, Азбан Позилованың, Каромат Хайдарованың және Күлшат Садықбекованың шаңырақтарында өтті. Бұл қариялар соғыс жылдарындағы ауыртпалықты бастан өткеріп, майдандағы жауынгерлерге демеу болған тылдың қара жұмысын атқарды. Еңбек етті, жоқшылыққа төзді, елдің еңсесін түсірмеуге күш салды. Бүгінгі бейбіт күнге жету жолында олардың да маңдай тері сіңді.
Бүгінгі кездесу өткенге тағзым, еңбекке алғыс, ұрпаққа көрсетілген өнеге деп білетінін «Әділет» партиясы Түркістан қалалық филиалының сектор меңгерушісі, қалалық Әйелдер қанатының жетекшісі Мая Майдан айтып өтті.
«- Біз бүгін қариялардың үйіне аға буынның көңілін сұрап, алғысымызды білдіру үшін келдік. Себебі бұл кісілердің өмір жолында тұтас бір дәуірдің тарихы жатыр. Тыл еңбеккерлері қиын кезеңде елмен бірге ауыр жүкті көтерді. Олар үшін еңбек – міндет емес, ел алдындағы азаматтық парыз болды. Бүгінгі ұрпақ сол еңбекті ұмытпауы керек. Қарияға көрсетілген құрмет – өткенге деген құрмет. Ал өткенін бағалаған ұрпақ қана болашағын дұрыс бағамдай алады. Сондықтан аға буынмен байланысты үзбей, олардың өмірлік тәжірибесін жастарға жеткізу – біздің ортақ міндетіміз»,- Мая Октябрьқызы.
Қариялар да өздерін іздеп келген жауапты өкілдерге ақ батасын беріп, елдің тыныштығын, халықтың амандығын тіледі. Әңгіме барысында олардың жүзінен өмірдің талай белесін артқа тастаған адамның сабыры мен салмағы байқалды. Шын мәнінде, қария – отбасының ғана емес, қоғамның да рухани қазынасы. Оның айтқан бір ауыз сөзі, көргені мен түйгені кейінгі ұрпақ үшін үлкен мектеп.
«- Үлкеннің амандығын сұрау, қажет кезінде жанынан табылу – күнделікті адамдық міндет. Әсіресе елдің ауыр кезеңдерін көрген тыл еңбеккерлеріне деген құрметтің орны бөлек. Біз олардың жасаған еңбегін өтей алмаймыз. Бірақ алғысымызды білдіріп, өнегесін кейінгі буынға жеткізе аламыз. Қарияның батасын алу – біз үшін үлкен мәртебе. Осындай кездесулер жастарға да ой салады деп сенеміз. Өйткені үлкенді сыйлау – сөзбен үйретілмейді, оны іспен көрсету керек», - деді кездесуге қатысқан «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының жетекшісі Әсел Жүзбайқызы.
«Әділет» партиясы қолға алған «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасының негізгі мәні де осында. Аға буынның өмір жолын дәріптеу, олардың қоғамдағы орнын айшықтау, қарияларға қамқорлық көрсету арқылы ұрпақтар сабақтастығын нығайту. Партияның Түркістан қалалық филиалы бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра бермек.





