Балалардың құқықтары – басты назарда: Ақмола облысында «Әділет» партиясының Ашық есік күні өтті
Көкшетау қаласында «Әділет» партиясының Ақмола облыстық филиалында балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға арналған Ашық есік күні өтті. Өңір тұрғындары денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау және құқықтық қорғау салаларындағы өзекті мәселелер бойынша жүгінді.
Азаматтар көтерген негізгі мәселелер қатарында балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, оңалту көмегінің қолжетімділігі, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды зорлық-зомбылықтан қорғау мәселелері болды.
Іс-шара «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Оған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Юлия Кучинская, партияның Әйелдер қанатының мүшелері және бейінді басқармалардың басшылары қатысты.
Жалпы, Ашық есік күніне 21 азамат жүгінді. Ата-аналар мен басқа да азаматтар балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, білім алуына, медициналық көмек пен оңалту қызметтерін алуына, сондай-ақ әлеуметтік қамтамасыз етуге қатысты кең ауқымды мәселелерді көтерді.
«Баланың құқықтарын қорғау – тек бір мемлекеттік органның немесе жекелеген мамандардың міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әрбір өтініштің артында нақты бала және оның тағдыры тұр. Сондықтан ата-аналарды тыңдап қана қоймай, олардың мәселелерін шешуге бағытталған нақты жұмыстар жүргізу маңызды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Президент атап өткендей, балалардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігі – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі», – деп атап өтті.