ӘЙЕЛ. ЕҢБЕК. ТАБЫС – ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ БЕРІК ТІРЕГІ
Тараз қаласында «Әйел. Еңбек. Табыс» кездесуі өтіп, іскер әйелдер тәжірибелерімен бөлісіп, әйелдер кәсіпкерлігі мен еңбек белсенділігін арттыру мәселелері талқыланды.
«Әділет» партиясы Тараз қалалық филиалы және қалалық Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Анаға тағзым» орталығында облысымыз бен қаламыздың іскер, кәсіпкер және белсенді әйелдері бас қосқан «Әйел. Еңбек. Табыс» атты мазмұнды кездесу өтті.
Кездесуге қатысқан Әйелдер қанатының жетекшісі мен белсенді мүшелері Жаннат Ертаева, Амина Қайназарова, Дамира Сүгірбай, Зарина Қуатова т.б. іскер әйелдер өздерінің еңбек жолы мен кәсіптегі тәжірибелерімен бөлісіп, қиындықтарды еңсеру, табысқа жету және өз мүмкіндігіне сену жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды. Әрбір тағдырлы әңгіме – ізденіс пен табандылықтың, еңбектің нәтижесі екенін көрсетті.
Кездесуде әйелдердің еңбек нарығындағы белсенділігі, кәсіп бастау мен оны дамытудағы мүмкіндіктері, қаржылық сауаттылық, өз ісін дөңгелету жолдары және отбасы мен жұмысты қатар алып жүрудің қыр-сыры сөз болды.
«Әділет» партиясы жанындағы Әйелдер қанаты еңбек адамының абыройы, әлеуметтік теңдік пен әр азаматқа мүмкіндік беру мәселесі ерекше назар аударуда. Осы тұрғыдан алғанда, әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыру, кәсіпкерлігін қолдау және әлеуетін жүзеге асыруға жағдай жасау – маңызды бағыттардың бірі.
«Әйел. Еңбек. Табыс» кездесуі – өзара тәжірибе алмасатын ғана емес, әйелдің еңбегін бағалап, оның қоғамдағы орнын айшықтайтын маңызды алаңға айналды.
Өйткені әйелдің табысы – отбасының берекесі, әйелдің еңбегі – қоғамның қуаты, ал белсенді әйел – ел дамуының қозғаушы күші.
Еңбек бар жерде – береке бар.
Мүмкіндік бар жерде – табыс бар.
Ал әділет бар жерде – әр әйелдің өз әлеуетін жүзеге асыруына жол бар!









