“Әйел өмірі үшін» республикалық акциясы
Жамбыл облысы Байзақ ауданында «Әйел өмірі үшін» республикалық акциясы аясында әйелдер денсаулығын сақтау, қатерлі ісік ауруларының алдын алу және ерте диагностиканың маңыздылығын түсіндіруге арналған кездесу өтті.
Жамбыл облысы Байзақ аудандық емханасында «Әйел: денсаулық және әлеуметтік қолдау» атты ашық кездесу өтті. Шараны «Әділет» партиясының аудандық филиалы мен Әйелдер қанаты ұйымдастырды.
Кездесуге партия өкілдері, ауылдық амбулатория мамандары мен ауыл әйелдер қатысты. Басты мақсат — әйелдер арасындағы қатерлі ісік ауруларының алдын алу және денсаулықты күтудің маңызын түсіндіру.
Жиын барысында акушер-гинеколог дәрігерлер Ж. Мырзаева мен Ж. Баракбаева ауруды ерте анықтау мен уақытылы тексерілудің маңызын айтып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Еркін пікір алмасу форматында өткен бұл шара ауыл әйелдеріне өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға және қажетті пайдалы ақпарат алуға көмектесті.







