Әйелдер қанаты Әулиеата ауданы тұрғындарымен кездесті
«Әділет» партиясы жанындағы Әйелдер қанаты мен Тараз қалалық «Отбасын қолдау орталығы» бірлесіп, Әулиеата өңірінің тұрғындарымен ауқымды кездесу ұйымдастырды. Шара «Әке мен ананың экономикалық сауаттылығы — отбасы татулығы!» деген атаумен өтті.
Басқосудың басты мақсаты — жергілікті тұрғындарға Отбасын қолдау орталығының негізгі қызмет бағыттарын таныстыру болды. Жиын барысында ана мен балаға көрсетілетін құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек түрлері жан-жақты түсіндіріліп, отбасылық құндылықтар мен өзара сыйластықтың маңызына ерекше тоқталды.
Тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарға орталықтың білікті мамандары — заңгер, психолог және әлеуметтік кейс-менеджер тікелей жауап берді. Бұған қоса, Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығының» өкілдері қатысып, жас отбасыларды қолдауға бағытталған жобалар мен жұмыс жоспарлары туралы ақпарат бөлісті.
Іс-шара аясында отбасылық қарым-қатынасты нығайтуға арналған тақырыптық бейнероликтер көрсетілді. Жиын соңында тұрғындар өзара пікір алмасып, шаңырақ шаттығы мен сыйластықты сақтау төңірегіндегі өз ойларын ортаға салды.






