«Белсенді өмір – ұзақ ғұмыр»: Меркіде қарттар күніне орай скандинавиялық жүріс марафоны өтті
Халықаралық қарттар күніне орай «Әділет» партиясы Меркі аудандық әйелдер қанатының жетекшісі К. Ракаеваның бастамасымен «Белсенді өмір – ұзақ ғұмыр» тақырыбында таңғы серуен ұйымдастырылды. Орталық стадионда өткен бұл шараның негізгі мақсаты — аға буын өкілдері арасында салауатты өмір салтын насихаттау және олардың бос уақытын тиімді әрі белсенді өткізуіне жағдай жасау.
Спорттық іс-шараға «Әділет» партиясы аудандық филиалының төрағасы К. Шағатаева, аудандық аналар кеңесінің төрайымдары және ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген ардақты қарт апалар қатысты.
Жиынның ашылуында сөз алған партия өкілдері қарияларды айтулы мерекемен құттықтап, олардың қоғамды ұйыстырудағы, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берудегі рөлі орасан зор екенін атап өтті. Мұнан соң қатысушылар арнайы нұсқаулықпен танысып, скандинавиялық таяқшалармен стадион бойымен серуенге шықты.
Бұл әдіс — буын ауруларының алдын алып, жүрек-қантамыр жүйесін жақсартуға таптырмас спорт түрі болғандықтан, апаларымыз ерекше құлшыныспен қатысты. Серуен соңында ақ жаулықты аналарымыз ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, елдің амандығы мен тұрақтылығы үшін ақ баталарын берді.
Әйелдер қанаты әрдайым үлкенге құрмет көрсету, ардагерлерді қолдау және олардың белсенді ұзақ өмір сүруін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді.












