Шығыс Қазақстанда «AMANAT Керуені» жолға шықты
ШҚО-да ауыл тұрғындарына қолдау көрсетуге бағытталған ауқымды «AMANAT Керуені» әлеуметтік акциясы басталды. Игі бастама «AMANAT» партиясының облыстық филиалының ұйымдастыруымен жүзеге асып, мамыр–маусым айларында өңірдің барлық аудандарын қамтиды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Акцияның алғашқы кезеңі 5–28 мамыр аралығында өтеді. Керуен өз жұмысын Самар ауданынан бастап, шалғай ауылдардағы тұрғындарға медициналық, әлеуметтік және құқықтық көмекті жақындатуды көздеп отыр.
Жоба аясында Өскемен қаласындағы Онкология және хирургия орталығының білікті мамандары ауыл тұрғындарын тегін қабылдауда. Атап айтқанда, онколог, маммолог, гинеколог, уролог дәрігерлер кеңес беріп, қажетті тексерулер жүргізуде. Сонымен қатар, Astana Vision клиникасының офтальмологтары да арнайы құрал-жабдықтармен келіп, тұрғындардың көз саулығын тексеріп, нақты ұсыныстар беруде.
ШҚО бойынша «AMANAT» партиясы әйелдер қанатының жетекшісі Зарина Камасованың айтуынша, бұл акция – ауыл тұрғындары үшін аса қажет жоба.
– Бүгін өте маңызды әрі игі шара басталды. Акция мамыр және маусым айлары бойы жалғасады. Біз үлкен медициналық бригадамен келдік. Мақсатымыз – тұрғындарға медициналық, психологиялық және құқықтық көмек көрсету. Самар ауданында офтальмолог сияқты тар бейінді мамандар әрдайым бола бермейді. Сондықтан біз арнайы құралдармен келіп, толық тексеріс жүргізіп, қажет болса ем тағайындаймыз. Мұндай акциялар ауыл тұрғындары үшін өте маңызды. Әсіресе қалаға бара алмайтын жандарға нақты көмек көрсетіледі, – деді ол.
Сонымен қатар, акция аясында ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарымен кездесулер өткізіліп, оларды оқыту мен жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері түсіндіріледі.
Өз кезегінде, қалалық мәслихат депутаты, медицина ғылымдарының кандидаты Гүлмира Сағидуллина бұл бастаманың ауқымына тоқталды.
– Бұл – тек бір реттік шара емес, толыққанды медициналық тексеріс деуге болады. Бүгін әртүрлі саладағы дәрігерлерден құралған үлкен бригада келді. Онкологтар, офтальмологтар, фтизиатрлар, АИТВ/ЖИТС орталығының мамандары тұрғындарды қабылдауда. Біз әйелдер мен ерлер денсаулығын қатар қамтып отырмыз. Негізгі мақсат – аурудың алдын алу, ерте анықтау және дер кезінде ем жүргізу. Осы арқылы ауыл тұрғындарының облыс орталығына бару қажеттілігін азайтамыз, – деді ол.
Акция барысында тек медициналық көмекпен шектелмей, әлеуметтік бағыттағы жұмыстар да қамтылуда. Жоғары оқу орындарының өкілдері мектеп бітіруші түлектерге кәсіби бағдар берсе, Халыққа қызмет көрсету орталығы мен Жұмыспен қамту басқармасының мамандары мемлекеттік қызметтер, гранттар мен кәсіп бастау мүмкіндіктері туралы кеңес беруде.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жанат Мекеева бұл бастаманың маңызын ерекше атап өтті.
– Бүгін Самар ауданында облыстық деңгейдегі ауқымды әлеуметтік акция басталды. Негізгі мақсат – ауыл тұрғындарын сапалы әрі тегін медициналық қызметпен қамту. Оннан астам онколог маман, офтальмолог дәрігерлер қажетті құрал-жабдықтарымен келіп, кешенді тексеру жүргізуде. Сонымен қатар әлеуметтік қолдау бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Бұл акция тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетуге бағытталған, – деді ол.
Акцияның алғашқы күндерінен-ақ тұрғындар тарапынан қызығушылық жоғары. Самар ауданының тұрғыны Ғайникамал Кунафина мұндай бастаманың қолжетімді болғанына қуанышты екенін жасырмады.
– Былтыр осында операция жасатқан едім. Бүгін қайта келіп, тексеріліп отырмын. Осындай білікті дәрігерлердің ауылға келіп, тегін қабылдауы біз үшін үлкен көмек. Қалаға бару әркімнің қолынан келе бермейді. Сондықтан мұндай мүмкіндік болғанына өте қуаныштымын, – дейді ол.
Ал Көкжота ауылының тұрғыны Нажинов Ерлан бұл акцияның тек әйелдерге ғана емес, ер азаматтарға да пайдалы екенін атап өтті.
– Көп жағдайда ер адамдар дәрігерге қаралуға уақыт таппай жатады. Ал мұндай кезде білікті мамандардың ауылға келуі – үлкен мүмкіндік. Бұл тек әйелдерге ғана емес, ерлерге де өз денсаулығын тексертіп, кеңес алуға жақсы жағдай, – дейді ауыл тұрғыны.
Жалпы, «AMANAT Керуені» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыру, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсету, сондай-ақ аурулардың алдын алып, оларды ерте кезеңде анықтауға ықпал ету.
Фото: автордыкі