Жаңаөзенде «Шеберлер шеруі» мега фестивалі өтті
Жаңаөзен қаласында ұлттық қолөнерді дәріптеуге арналған ауқымды «Шеберлер шеруі» мега фестивалі ұйымдастырылды. Екі күнге созылған шараны Маңғыстау облысы мен Жаңаөзен қаласының әкімдіктері және «Әділет» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы бірлесіп өткізді.
Жаңаөзенде ұлттық қолөнерді дәріптеуге арналған «Шеберлер шеруі» мега фестивалі өтті. Екі күнге созылған ауқымды шараны Маңғыстау облысының әкімдігі, Жаңаөзен қаласының әкімдігі және «Әділет» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырды.
Фестивальге жүзге жуық шебер ана қатысып, тәжірибе алмасты. Этнодизайнер Ырза Тұрсынзада қыз-келіншектерге құрақ құрау, киіз басу, шапан тігу, бау тоқу, күлте шашақ жасау бағыттары бойынша тегін шеберлік сағаттарын өткізді.
«18 жылдан бері Қазақстанды аралап, мегафестивальдер, көрпе фестивальдерін өткізіп, құрақтың заманауи түрін жасауды үйретіп келемін. Бұл – шеберлік сабақтарының жемісі, ұлттық өнердің жеңісі. Маңғыстау өңірі, Жаңаөзен қаласының ханымдарына алғысым ерекше. Себебі бұл жерде ұлттық өнер сақталған», – дейді Ырза Тұрсынзада.
Биылғы фестивальдің ерекшелігі – жергілікті шеберлердің де кеңінен тартылуы. Этнодизайнер бұған дейінгі сапарларында өзімен бірге шеберлерді ертіп келсе, бұл жолы Жаңаөзен тұрғындарының арасынан өнері мен шеберлігіне қарай бес ана арнайы іріктелді.
Ырза Тұрсынзаданың айтуынша, бұл бірнеше жыл бойы ұйымдастырылып келе жатқан шеберлік сабақтарының нәтижесі. Жергілікті әйелдердің тәжірибесі артып, ұлттық қолөнерді меңгерген шеберлердің қатары көбейіп келеді.
Фестивальдің екінші күнінде ұлттық киімдерден сән көрсетілімі өтіп, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын дәріптейтін қойылымдар ұсынылды.
https://www.instagram.com/reel/Dd3zzyttf9G/?stkn=Nzk4Z2h3cGt2b3N3
