ЖҮРЕКТЕН ЖҮРЕККЕ: «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ
Қордай ауданында көпбалалы және әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға мерекелік азық-түлік себеттері табысталды.
“Әділет” партиясы Қордай аудандық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі Қарлығаш Қыпшақбаеваның жетекшілігімен және қанат белсенділерінің тікелей атсалысуымен аудандағы бірқатар көпбалалы, әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға мерекелік құттықтаулар мен шынайы қамқорлық көрсетілді.Қоғамның діңгегі — отбасы құндылығын ұлықтаған бұл шара аясында Әйелдер қанатының мүшелері әр шаңыраққа арнайы барып, мерекелік азық-түлік себеттерін табыстады. Аналардың ақжарқын күлкісі мен балалардың қуаныштан бал-бұл жанған жүздері бұл бастаманың қаншалықты маңызды екенін аңғартқандай. Қамқорлыққа бөленген отбасылар ризашылықтарын жаудырып, елдің амандығы мен бірлігі үшін ақ баталарын берді.




